«Келешек»: 7 мыңнан астам балаға білім капиталы аударылды

«Келешек»: 7 мыңнан астам балаға білім капиталы аударылды

Елде 5 жасқа толған 7 мыңнан астам балаға 1,5 млрд теңгеден астам білім капиталы аударылды. Оның 20 шақтысы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Бұл - Отбасы банкінің «Келешек» бағдарламасымен бөлінген қаржы. Мемлекет пен банктің бірлескен бастамасы - баланың болашағына ертерек қам жасауға мүмкіндік береді. Себебі жиналған қаражат инфляциядан қорғалады. Жыл сайын өсіп отырады. Білім беру депозиті жайлы келесі сюжетте.


Дина Исақұлова Астанада тұратын көпбалалы ана. Осы жазда үш бірдей перзентіне депозит ашқан. Ай сайын 20-30 мың теңге ақша салып отырады. Жақында мемлекеттен бастапқы капитал ретінде шамамен 240 мың теңге түсіпті. Енді кенжесіне де шот ашам деп отыр.


Дина Исақұлова, Астана қаласының тұрғыны:


- Магазинге барасың, сол ақша кетіп қалады. Көпбалалы мен сияқты ата-аналар өте көп. Біреуі оқып, университетке түседі ертең. Соған үлкен көмегін тигізеді деп ойламын.


Мамандар да ірі соманы күтпей, мүмкіндігінше ертерек әрі тұрақты түрде жинақтаудың тиімді екенін айтады. Себебі «Aqyl» депозитінде салынған қаражат сенімді сақталып қана қоймай, өседі. Банк сыйақысы мен мемлекет бөлетін қаржы  жинақты инфляциядан қорғауға мүмкіндік береді.


Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы


- Бұл депозит инфляциядан толық қорғалған. Банк жылына шамамен 15% сыйақы есептейді, ал мемлекет депозит сомасына қосымша 5% төлейді. Егер бала жетім немесе аз қамтылған отбасынан болса, мемлекеттік сыйақы 5% емес, 7% болады. Сондықтан, әсіресе көпбалалы отбасылар үшін әр балаға ай сайын 10–12 мың теңгеден жинақтаудың экономикалық тұрғыдан тиімділігі жоғары.

«Aqyl» депозитінде жиналған қаражат баланың болашағына ғана жұмсалады. Мектепті аяқтаған соң, оны Қазақстанда да, шетелде де білім алуға пайдала алады. Егер түлек грант ұтып алса, жиналған қаржыны бауырларының оқуына, баспана алуға немесе магистратурада оқуға жұмсауына болады. "Келешек" бағдарламасының биыл іске қосылғанына қарамастан, қазір 130 мыңнан астам балаға «Aqyl» білім беру депозиті ашылған.