Болашақтың мамандары даярланып жатыр

Болашақтың мамандары даярланып жатыр

Павлодар облысы техникалық және кәсіптік білім беру бойынша елдегі жетекші өңірдің бірі. Мұндағы колледждер электроника мен IT-ден бастап, ұшқышсыз құрылғылар мен мейрамхана сервисіне дейінгі заманауи салаларға мамандар даярлайды.

Заманауи зертханалар, әлемдік деңгейдегі жабдықтар мен халықаралық стандарттар бойынша білім беру. Павлодар жоғары электроника және коммуникациялар колледжі Қазақстанда алғаш рет «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша халықаралық аккредитациядан өтті. Мұнда студенттер тек теориямен шектелмейді – баспа платаларын жобалап, микробасқарғыштарды бағдарламалап, күрделі электронды жүйелердегі ақауларды анықтап, жөндеуді үйренеді.

Асқар Ахметшаихов, Жоғары электроника және коммуникациялар колледжінің оқытушысы:

- Біздің диплом халықаралық деңгейде мойындалды. Енді түлектеріміз халықаралық сертификатқа ие болып, шетелдерде жұмысқа орналасу мүмкіндігіне қол жеткізеді.

Енді жас мамандар желі монтажы, оптикалық талшықты дәнекерлеу, серверлік жабдықтарға қызмет көрсету сынды дүниелерді колледж қабырғасында-ақ меңгереді. Солардың бірі Даян Ысқақ. Ол бүгінде еліміздегі ірі телекоммуникациялық компаниялардың бірінде инженер болып жұмыс істейді. Оған қоса WorldSkills ұлттық чемпионатының күміс жүлдегері.

Даян Ысқақ, Жоғары электроника және коммуникациялар колледжінің студенті:

- Мен мұнда оқып қана қоймай, WorldSkills-ке дайындалдым, сонымен қатар жұмыс та істедім. Жұмыс орным чемпионатқа дйындалу үшін келісімшарт бойынша мені босатып отырды.Ол жақта да тәжірибе жинадым. Мұның бәрі менің жеңісіме үлес қосты.

Павлодар сервис және тамақтану колледжі де тұрақты жеңістерімен ерекшеленеді. Бұл оқу орны төртінші жыл қатарынан «Мейрамхана сервисі» құзыреттілігі бойынша үздіктер қатарында. Олар чемпионаттарға кемінде 6 ай дайындалады екен.

Альмира Садриденова, Өндірістік оқыту шебері, Worldskills Ұлттық чемпионатының «Мейрамхана сервисі» құзыреттілігі бойынша сарапшысы:

- Мейрамхана сервисі – үлкен білім мен шеберлікті талап ететін күрделі сала. Чемпионатқа дайындық барысында студенттер төрт біліктілікті меңгереді: сомелье, бармен, бариста және даяшы. Олар тек тағам ұсынып қана қоймай, оны дайындауды, дұрыс порциялауды, қонаққа қажетті тағамды ұсынуды, сатуды біледі. Бұл жүйені толық түсінеді. Чемпионаттағы мейрамхана сервисі еуропалық стандарттар бойынша ұйымдастырылған.

Ал Ақпараттық технологиялар колледжінде студенттер ұшқышсыз ұшу аппаратының операторы мамандығын меңгеріп жатыр. WorldSkills чемпионатында дрондарды жинау, баптау және басқару бойынша қола жүлдені Иван Воронин жеңіп алды.

Иван Воронин, Ақпараттық технологиялар колледжінің студенті:

- Кедергілер жолағынан жылдам өту тапсырмасы берілді. Біз дронмен ғана емес, қосымша жабдықтармен бірге ұшып өтіп, барлық талаптарды орындадық.

Павлодар облысы тәжірибеге, технологияға және халықаралық стандарттарға басымдық беріп отыр. Нәтиже де айқын. Өңір колледждері бүгінде ел экономикасында сұранысқа ие, әрі әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандарды даярлап жатыр. Айта кетейік, облыста барлығы 42 колледж жұмыс істейді, оның 12-сі – жекеменшік. Биылғы оқу жылында мұнда білім алатын студенттер саны 20 мыңнан асты.

Авторы: Аружан Махмут