Astana Eurasian Book Fair - 2026: халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді

Astana Eurasian Book Fair - 2026: халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді

Елордада Ұлттық кітап күніне орай «Astana Eurasian Book Fair-2026» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Ауқымды мәдени шараға әлемнің әр түкпірінен баспалар қатысып, оқырманға жаңа туындылар мен тың идеялар ұсынбақ. Іс-шара аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздары марапатталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат - кітапқа деген қызығушылықты арттырып, оқырмандар қатарын көбейту.

«Eurasian Book Fair» кітап жәрмеңкесіне 80-нен астам отандық және шетелдік баспа өкілдері қатыспақ. Олардың қатарында Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Венесуэла, Португалия және Ұлыбританияның ірі баспаханалары бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл қоғамда кітап оқуға деген ынтаның жоғары екенін аңғартады. Айта кетейік, былтыр бұл көрмені 100 мыңнан аса адам тамашалаған.

Фарида Тобашалова, «Фолиант» баспасының бас редакторы:

- Бұл көрмеде өздері сүйіп оқитын кітаптарды кім жазатынын көре алады. Ол кітапты қандай баспалар жазатынын, сол авторлармен кездесіп, пікірлесіп, олардың қолтаңбасымен кітап алып, баспа бағасымен жеңілдікпен кітап сатып ала алады.

Биыл «Фолиант» баспасының құрылғанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде мекеме бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырған. Қазір қазақ классиктерінің шығармаларын шет тілдеріне аудару қарқын алған.  Мамандардың айтуынша, отандық әдебиетке шетелдік оқырманның қызығушылығы артып келеді.

Жеңіс Қазанғапов, «Фолиант» баспасының директоры:

- Әлемдік бестсселлер кітаптар шығып жатса, олар барлық тілге аударылып, қызығушылық артып жатса, ең бірінші болып біз қарастырамыз. Аудармашымен келісіп, аударып, авторлық құқығын алып, оқырмандарға ұсынамыз. Ол міндетті түрде шығады. Бізде қазірдің өзінде өқырмандарымыз сұрап жатқан кітаптарымыз көп. Енді біз рет-ретімен келе жатырмыз.

Бес күнге созылатын жәрмеңке тек кітап сатумен шектелмейді. Бағдарлама аясында жаңа туындылардың тұсаукесері, авторлармен кездесулер және автограф-сессиялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, баламның кітапқа деген қызығушылығын қалай арттырсам болады деген ата-аналардың да жайы қамтылған. Балақайлар үшін арнайы алаңдар ұйымдастырылады. Онда кішкентай оқырмандар үшін шеберлік сабақтар мен танымдық іс-шаралар өткізіледі.