«Халық қатысатын бюджет»: аулаларды абаттандыру

«Халық қатысатын бюджет»: аулаларды абаттандыру

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында елорда тұрғындары ауланы абаттандыру жобасын өздері таңдай алады. Аула аумақтарын абаттандыруда барлық заманауи стандарт ескерілген. «Қолданылатын материалдар сертификатталған», – дейді мамандар. Биыл бағдарламаға 214 млн теңге бөлінген. Елордалықтардың ұсынған жобасын арнайы сарапшылар қарайды. Кейін жергілікті тұрғындар арасында сайлау өтеді. Соның қорытындысы бойынша үздіктер келесі есепті кезеңге өтеді.

Данияр Қожахметов, абаттандыру бөлімі басшысының қ.а:

- Бұл жоба 2019 жылы Сарыарқа ауданында басталды. Үш жыл бойы осы абаттандыру бойынша жұмыс атқарылып келеді. 2019 жылы 8 ауланы, 2020 жылы 13 ауланы, ал биыл 10 ауланы абаттандырып жатырмыз. Оның бесеуін бітірдік, бесеуіне әлі де жұмыстар жүргізілуде.

Сарыарқа ауданының тұрғындары ақпан айында балаларға арналған ойын алаңын абаттандыруға өтініш білдірген. Әкімдік оны қарастырып, сызбаларды бекітті. Кейін 1,5 ай ішінде заманауи алаң салып берді.

Оксана Сомик, тұрғын:

- Жобаға қатысу үшін екі үйдің тұрғындары чат арқылы ортақ жиналыс өткіздік. «Біздің аулаға не істеу қажет? Қандай нәрселерді өзгерткіміз келеді?», деген сынды сұрақтарды талқылап, үш жоба ұсындық. Соның ішінен тұрғындар өздері сайлау арқылы осы жобаны таңдап алды. Бюджетке қатысу жобасы біздің әкімдіктің сайтында жарық көргеннен кейін, ұсынысымызды тапсырдық.

Бағдарламаға ауданда тіркелген кез келген азамат қатыса алады. Тек жобаның егжей-тегжейлі сипаттамасы, фотосуреттері немесе сызбалары болуы тиіс. Сондай-ақ шамамен құны есептеліп, электрондық файлда жазылуы керек.