Үкімет басшысы көмір жеткізу мен бөлуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды

Көмірді танымал марткеплэйстер мен банк қосымшалары арқылы сатып алу. Елімізде қазақстандықтарға ыңғайлы болу үшін қатты отынды сатудың осындай нұсқалары қарастырылауда. Үкіметте халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Министрлер кабинетінің отырысында бұл бағытта еліміздегі ең ірі банктердің бірі Қостанай облысында пилоттық жобаны іске қосқаны да айтылды.

«Бұл тұтынушыларға қолайлы, өте жақсы цифрлық шешім. Үйден шықпай-ақ көмірге тапсырыс беруге болады. Жергілікті жерлерде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет»,-деді Әлихан Смайылов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың 8 айында елімізде 73,5 млн тоннадан астам көмір өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ке артық. Сондай-ақ, сату орындарында көмір бағасының өсуіне жол бермеу үшін оны үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету және автомобиль көлігімен елден тыс жерлерге шығаруға алты айға шектеу қойылды.