ҚР СІМ ірі инвесторлармен келіссөз жүргізді
Отандық дипломаттар 700 ірі компания өкілдерімен кездесті. Осылайша ҚР СІМ елдегі инвестициялық ахуалды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, министрліктің алдында үлкен міндеттер тұр. Қазақстан инвестициялық міндеттемелерін тұрақты орындайтынын дәлелдеу қажет. Мәселен, министрлікте «ExxonMobil» компаниясының өңірлік директорымен кездесу өтті. Бұл ірі мұнай корпорациясы Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында елімізге 22 млрд доллар инвестиция құйған.
Алмас Айдаров, ҚР СІМ орынбасары:
- Инвесторлар кеңесінің мүшелері барлық компаниямен кездесулер өткізуде. Олардың саны 30-ға жуық. Шетелдегі елшілеріміз компаниялардың бас кеңселерінің өкілдерімен кездеседі. Мысалы, «ExxonMobil» сияқты ірі компаниялар жаһандық деңгейде қарап, тек Қазақстандағы жағдайды ғана емес, айналамыздағы ахуалды да талқылайды. Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар өсімі 50% құрады.