«Қыз алып қашу азаяды» – Ата заңға неке туралы түсінік енеді

«Қыз алып қашу азаяды» – Ата заңға неке туралы түсінік енеді

Қыз алып қашу азаяды. Неке ұғымын Конституция деңгейінде нақты бекіту қоғамның осы бір орынсыз әдетін тоқтатуға мүмкіндік беруі тиіс. Бүгін Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшылары бас қосып, Ата заңдағы отбасы бөліміне қатысты өзгертулерді талқылады. Ішкі істер министрлігінің дерегіне қарағанда, Қазақстанда қызды еркінен тыс алып қашу бойынша жылына кемі 20 факт тіркеледі екен. Әрине, бұл – ресми статистика ғана. Ал шын мәнінде қанша қыздың мұндай қорлыққа тап болғаны белгісіз. Әдетте екі жақ келісімге келіп, жәбірленуші арызын алғанда, іс тоқтап жатады. Түрлі әлеуметтік зерттеу де мұндай оқиғалардың көп екенін көрсеткен. Мәселен, сондай сауалнамалардың біріне 3 мың респондент қатысып, олардың 10 пайызы мұндай фактінің тікелей куәгері болғанын айтқан. Енді жаңа Конституцияның жобасында неке тек ер мен әйелдің арасында ерікті түрде ғана жасалады деп көрсетілмек. Яғни, 30-бапта қоғамда зорлықпен құрылған некелер болмайды деп жазылған.

 

Ақнұр Иманқұл, Қазақстан қоғамдық даму институты Отбасы саясаты бойынша зерттеулер орталығының басшысы:

- Біздің қоғамда әлі күнге дейін отбасы және неке қарым-қатынастарының заңынан бөлек қоғамда үнемі қайталанатын әрекеттер нәтижесінде қалыптасып қалған практика, дала философиясы, заңдылықтары реттейді. Сондықтан  бізде кодексте де бар ол норма. Бірақ оның Ата заңда бекітілуі, оның статусы жоғары. Конституция құндылықтық бағдар береді. Сондықтан осы некенің еріктілігін және оның ресми тіркелуін Конституцияда бекіту аса маңызды.