Малайзиялық жанкүйерлер Димаштың туған күнін атап өтті

Малайзиялық жанкүйерлер Димаштың туған күнін атап өтті

Димаштың Малайзиялық жанкүйерлері сүйікті орындаушыларының туған күнін ерекше атап өтті. Әншінің шығармашылығына табынушылар атаулы күні онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға қайырымдылық акция ұйымдастырды. Игі шара Джорджтаун қаласының ауруханасында өтті.  Ауыр дертпен күресіп жатқан кішкентай науқастарға  ойыншықтар, кәдесыйлар және жеке гигиена заттары сыйға тартылды. Ал, Қазақстан Елшілігінің өкілдері балалар мен фан-клубқа елімізден сыр шертетін естелік сыйлықтарды табыс етті. Әдеттегідей, мерекелік дастархан басына Димаш бейнеленген торт қойылды. Еске сала кетейік, бүгін әлемді ерекше даусымен тәнті етіп мойындатқан отандық күміс көмей әнші 28 жасқа толды. 

Азуа Али, Димаштың фан-клубының әкімшісі:

– Димаш – барлық адам бір-біріне қамқор болатын біртұтас әлемді көруді армандайтын аса құрметті қазақстандық әртіс. Оның әндеріндегі үндеулер көптеген адамдардың жүректеріне жылулық ұялатып, оларды игі істерге шабыттандырады. Димаш балаларды жақсы көреді, қолдайды, өйткені олар – біздің болашағымыз. Оның туған күніне орай біз және жанкүйерлері қатерлі ісік ауруына шалдыққан балаларға қолдау көрсетіп, оларға базарлықтар  жібердік. Осы арқылы азда болса махаббат пен бақытты сәт сыйлауды ұйғардық. Ем-домның шипасы тиіп, тезірек сауығып кетсін деген ниетпен осындай шараны қолға алдық.