Мәжіліс бірінші оқылымда жаңа бюджет кодексінің жобасын мақұлдады

Мәжіліс бірінші оқылымда жаңа бюджет кодексінің жобасын мақұлдады

Қазақстанда квазимемлекеттік субъектілер қызметіне парламенттік бақылау күшейтіледі. Ал бюджеттік процестер біршама жеңілдетіліп 2 есе қысқарады. Бұл ретте мемлекеттікоргандар мен өңірлердің даму жоспарларын 3 жылда бір рет әзірлеу және бекіту көзделген. Осы және басқа да нормалар жаңа бюджет кодексінде ескерілген. Мәжілісмендер құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. 

Заң жобасында қамтылған басымдықтарды депутаттарға ұлттық экономика министрі ұсынды. Әлібек Қуантыров жалпы блогтық бюджет үлгісін ендіруге қатысты түзетулер Сингапур тәжірибесіне негізделгенін атап өтті. Бұл ретте Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің ерекшеліктері ескерілген.  Оның айтуынша бұл өзгерістер отандық қазыналық үрдістердің икемділігін арттыру қамында енгізілмек. Бұған қоса жаңашылдықтар бюджеттік қаржыны басқару еркіндігін қамтамасыз етеді. Жалпы жаңартылған кодекс жобасында 10 жылға ел дамуының ұзақ мерзімді болжамын жасау мүмкіндігі қарастырылған. Яғни,  жаһандық сын-қатерлер мен тәуекелдер алдын-ала ескеріліп, олардың талдауы жүргізіледі. Бұл қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді. Депутаттар құжатты келер жылдың көктемінде екінші оқылымда қарайды деп күтілуде.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-
Бұл бюджетке деген жүктемені едәуір азайтады. Себебі, ендігі уақытта блоктық бюджет элементтерін енгізген кезде қайталанатын шығындарды қосудың қажеті болмайды. Яғни, олар бірінші жылы базаға қосылған күйінде тоқтайды. Тек қажет болған кезде индексацияланады. Ол шамамен бюджеттің 60%. Бюджеттік өтінімді қарасақ, бюджет жағынан алғанда – әкімшілік бюджеттік бағдарламалар 24 трлн теңгеге жетпек. Оның ішінде бағана айтқан 60 %, ол дегеніміз – 13 трлн теңгені келесі жылы қайтара салудың қажеті болмайды. Неге десеңіз бұл – базада бар.