Мәжіліс депутаттары атом энергиясын пайдалану заңнамасына енгізілген түзетулерді мақұлдады
Ядролық, радиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыру және халықаралық шарттардың сақталуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта мәжілісте атом энергиясын пайдалану мәселелеріне қатысты заң жобасы қаралды. Жұмыс тобы қолданыстағы нормаларға өзгерістер енгізуді ұсынады. Оның ішінде елдің осы саладағы заңнама талаптарының бұзылуын анықтау, қызметін ядролық қондырғылармен жүзеге асыратын субъектілерді тексеру, сондай-ақ атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау мәселелері бар.
ЯДРОЛЫҚ АПАТ КЕЗІНДЕГІ ӨЗАРА КӨМЕК: МӘЖІЛІС ЖАҢА КЕЛІСІМДІ МАҚҰЛДАДЫ
Ядролық апат кезінде ТМД елдері арасында көмекті жедел ұсыну тәртібі айқындалды. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық апат немесе радиациялық апатты ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Осы Келісімді ратификациялау ядролық апат немесе радиациялық апатты ахуал туындаған жағдайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында ақпарат пен көмекті жедел ұсынуға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, бұдан екі жыл бұрын ТМД Экономикалық кеңесінің отырысында қабылданған шартқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты елдер қатысады.
ҰРЛАН НОҒАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
- Келісім ядролық апат немесе радиациялық апатты ахуалдың туындау жағдайында мамандандырылған құтқару құрылымдарын, мамандарды, құрал-жабдықтарды, көлік құралдарын және осы құрылымдарды техникалық жарақтандыру үшін пайдаланылатын материалдарды трансшекаралық өткізу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.