Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинақтарын алу туралы ереженің ұзақ бекітілуіне наразылығын білдірді
Қазақстандықтарға өз зейнетақы жинақтарын алу ережелері қашан түсіндіріледі және ол ережелер қандай болады? Әзірге бағдарламаның басты әзірлеушілері Отбасы Банкі мен БЖЗҚ (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының) мамандары тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге қаражатты қалай алуға болатынын өздері білмейді.
Мәжіліс отырысында төменгі палата депутаты Аманжан Жамалов ереженің ұзақ уақыт бойы бекітілмей келе жатқанына өз наразылығын білдірді. Оның наразылығы, Мемлекет басшысының құжатқа қол қойып, ал ережелер әлі күнге нақтыланып, бекітілмегенінде болып отыр.
Мәжіліс депутатының айтуынша, күн сайын үкіметке халық атынан толассыз шағымдар келіп түсуде. «Ашық НҚА» порталының өзінде қазіргі таңда миллиондаған азамат өз пікірін қалдырған.
АМАНЖАН ЖАМАЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
- Бұл ережелердің бекітілуін 761 мың азамат күтуде. Көбісі, тіпті баспананы таңдап қойған. Президент тапсырмасын және еліміздің азаматтарының баспаналы болуға деген үмітін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану бойынша қажетті заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды жеделдетуді және оларды 2021 жылдың қаңтар айының соңына дейін қолданысқа енгізуді сұраймын.