Мәжіліс күзет ұйымдарына қатысты заңды мақұлдады
Енді күзет қызметін ұсынатын компанияларды бақылау күшейеді. Бүгін мәжіліс тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заңнамада ұсынылған нормаға сай уәкілетті органдар күзет қызметі мен мамандандырылған оқу орталықтарының жұмысын тексеруге құқылы болады. Яғни, бұдан былай нысанға бармай тексеру тетігі алынып тасталады.
Иә, нысандарға бармай тексеру тетігі енді тек күзет дабылын монтаждап, бақылау камераларын орнататын, яғни техникалық қызмет көрсететін ұйымдарға ғана жүргізіледі. Ал, жекеменшік күзет компаниялары түгел тексеріледі. Бұл бірінші кезекте қоғам қауіпсіздігі үшін маңызды.
Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Тексерулерді тағайындау және оның нәтижелері туралы актілерді қабылдау тәртібі мен мазмұны айқындалған. Сондай-ақ, тексеруді жүзеге асыратын қызметкердің міндеттері белгіленген. Осылайша бұл кәсіпкерлік субъектілері үшін бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау жүргізу алып тасталады.
Мәжілістегі мәліметке сүйенсек, бүгінде елдегі күзет ұйымдарының қолында 22 мыңнан астам қару бар. Енді оларды сақтау тәртібіне қатысты талап күшейтіледі. Өз қызметін уақытша немесе толық тоқтатқан кәсіп иесі 15 жұмыс күннің ішінде қару мен оның оқтарын ішкі істер органдарына тапсыруға міндетті. Ал артылар айппұлдың салмағы едәуір.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Егер күзет компаниялары жабылатын болса, онда қаруы қайда қалады?! Тіркеу процедураларын күшейту, екінші жұмысқа кіріп жатқан адамдардың қатаң електен өту мәселесі осындай мәселелер бар. Көп енді ол жерде айта берсек.
Талқыланған тақырыптың тағы бір тың тармағы қауіпсіздікті қадағалайтын қызметкерлердің өздеріне қатысты. Депутат Ринат Зайытов келтірген мысалға сенсек, қазіргі күзетшілердің өздеріне де күзетші керек. Бұл заңның көздегені осы. Талап күшіне енсе, лицензияланған ұйымдар тек арнайы дайындықтан өткен мамандарды ғана жұмысқа алады.
Ринат Зайытов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Кітапханаға барыңыз, музейге барыңыз көбіне күзетші кім? Алпысқа тақап қалған апалар немесе жетпіске тақап қалған аталар. Олардың өзіне күзетші керек қой негізінде. Жоқ сіздер күлесіздер. Құдай бетін әрі қылсын бір театрда, бір музейде ондай оқиға болмасына қайсысыңыз кепілдік бересіздер? Ешкім бере алмайды ғой ондай кепілдікті.
Қазіргі қолданыстағы заң күзет ұйымдарының қолындағы қаруын қайтаруға міндеттемейді. Ал, бұл өзгерістер осы тақырып төңірегіндегі түйткілді түйінді жолға қоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қылмыстарды әшкерелеуге септеседі.

