Сенат төрағасы Иран елшілігінде көңіл айту кітабына жазба қалдырды

Сенат төрағасы Иран елшілігінде көңіл айту кітабына жазба қалдырды

Президент тапсырмасымен Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Иранның Қазақстандағы елшілігіне барып, қайғылы оқиғалар салдарынан мемлекет басшылығы өкілдерінің және бейбіт тұрғындардың қайтыс болуына байланысты Иран халқына көңіл айтты. Мәулен Әшімбаев Иранның еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесіп, көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Онда «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Қазақстан халқының және Парламенттің атынан барша Иран халқына және қаза тапқандардың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз» деп жазылған. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы халықаралық дау-жанжалдар мен шиеленістерді тек саяси-дипломатиялық жолмен, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтық нормалары аясында шешу қажет екенін үнемі айтып келетінін атап өтті. Сенат Төрағасы әңгімеле барысында Иран Қазақстанның жақын көршісі және серіктесі екенін айтты. Сондай-ақ еліміздің қақтығысты бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесуге дайын екеніне назар аударды.