Есірткі өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынады
Кез
келген есірткі түрінің өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынып, мемлекеттің
жіті бақылауында болуы керек. Бүгін Президент Қауіпсіздік Кеңесінің нашақорлыққа қарсы іс-қимыл
мәселелері жөніндегі отырысында қауіпті кеселдің жолын кесуге қатысты
тапсырмалар берді. Енді нашақорлықтың алдын алу шаралары күшейтіледі. Әсіресе,
жастар арасында есірткінің насихатталуы ерекше бақылауда болмақ. Өйткені,
интернетте және медиа индустрияда тыйым салынған заттар мен ішімдік ішуді
дәріптейтін жағымсыз үрдіс белең алып отыр. Сонымен қатар, мемлекет басшысы
есірткіге тәуелділер емдеу-сауықтыру шараларымен жеткілікті деңгейде қамтылмай
отырғанын айтты Бұдан бөлек, күмәнді қаржы операциялары назарға алынды. Жиын
соңында Президент нашақорлықпен қоғам болып күресудің маңызды екенін атады.
Президенттің кеңесшісі – Баспасөз
хатшысы Руслан Желдібай жиын қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев нашақорлыққа
және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық
штабты Ішкі істер министрлігінің қарауынан Үкіметтің деңгейіне көтеруді
тапсырғанын мәлімдеді. Бұл нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресті
жандандыруға, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар арасындағы жұмысты
анағұрлым тиімді үйлестіруге мүмкіндік бермек.

