Мәжіліс Президенттің тапсырмаларын заңнамалық қолдауды қамтамасыз етеді

Президент тапсырған әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларын жүзеге асыру үшін Парламентке үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл туралы төменгі палатаның жалпы отырысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір депутаттар алдында Мемлекет басшысының бастамаларын қолдау мақсатында бірқатар міндет тұр. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бүкіл жүйесін түбегейлі реформалау, макроэкономикалық тұрақтылық пен шағын және орта бизнесті демеп, өңіраралық сәйкессіздіктерді жою және халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу. Осылайша, Мәжіліс елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірқатар жаңа заң жобасын назарға алды. Атап айтқанда, бұл – жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауды көздейтін заң жобасы, сондай-ақ тұрғын үй саясатын жетілдіру мәселелері жөніндегі нормалар. Соңғы құжаттың аясында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау тетігі айқындалған.

Альберт Рау, депутат, ҚР Парламенті Мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы:

- Заң жобасында Қазақстан Республикасының 4 кодексі мен 19 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады. Құрметті әріптестер, комитет заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Депутаттар, сондай-ақ, біздің азаматтарымыздың несиелік қарыз берешегінің ауыртпалығын жеңілдетуге мүмкіндік беретін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жаңа заң жобасы бойынша жұмысқа кірісті. Мұның бәрі қазіргі күрделі кезеңде аса маңызды. Құрметті әріптестер, әрине, бұл жұмыстың барлығы, Үкіметпен ғана емес, барлық саяси партиямен, азаматтық қоғаммен және сарапшылық қоғамдастықпен тығыз өзара іс-қимылда түзіліп, құрылуы тиіс.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов