Мәжіліс жер қойнауына қатысты заң жобасын қабылдады

Мәжіліс жер қойнауына қатысты заң жобасын қабылдады

Еліміздегі ірі көмірсутегі кеніштерін игеруде Ұлттық компаниялардың үлесі кемі 50% болуы тиіс. Бұл қорында 100 млн тоннадан астам мұнай және 50 млрд текше метрден астам газы бар кен орындарына қатысты. Бүгін мәжіліс тиісті норма көзделген заң жобасын қабылдады. Сондай-ақ құжатта жер қойнауын пайдаланушылардың әкімшілік шығындарын азайтуға бағытталған нормалар қарастырылған. Барлау жұмыстарын жүргізу үшін келісім мерзімі жарты жылдан 2 айға дейін қысқарады. Сарқылып жатқан кен орындарын игеруді ынталандыру үшін одан әрі фискалды шаралар алуға құқықтық негіз жасалды. Бұл осындай кен орындарында 2045 жылға қарай шамамен 60 млн тонна мұнай өндіруге мүмкіндік бермек. Алайда, сарқылмайтын кен жоқ. Сондықтан құжат жаңа кеніштердің көзін ашуға қаржы құюды ынталандыру шараларын қамтиды. Нәтижесінде салаға жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Мамандардың болжауына сәйкес Қазақстанның 15 шөгінді бассейніндегі көмірсутек қорының әлеуеті 76 млрд тонна шартты отынмен бағаланып отыр. Ресурстардың едәуір бөлігі Каспий аймағындағы девон және девонға дейінгі шөгінділерде орналасқан деп болжанады. Жобамен 64 млрд тоннасы Каспий ойпатына тиесілі. Бұл өте үлкен сан! Сондықтан геологиялық барлау жұмыстарын жан- жақты жандандыруымыз қажет.