Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Брюссельге сапары
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 22-23 маусымда Брюссельге ресми сапар жасады. Бұл соңғы жылдардағы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастағы ең маңызды оқиғалардың бірі десек артық айтқанымыз емес. Геосаяси тұрақсыздық, әлемдік сауда жүйесіндегі өзгерістер және жаңа көлік дәліздері үшін бәсекелестік күшейген кезеңде өткен бұл сапар екі тараптың да стратегиялық серіктестікке ерекше мән беретінін көрсетіп отыр.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Еуропалық кеңестің
президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер
Ляйен, Бельгия премьер-министрі Барт де Вевер және ірі еуропалық компаниялардың
басшыларымен кездесті. Ең бастысы, көлік, авиация, инфрақұрылым және инвестиция
салаларында нақты келісімдерге қол жеткізілді. Бұл Қазақстан мен ЕО арасындағы
байланыстардың саяси диалог деңгейінен практикалық экономикалық ынтымақтастық
кезеңіне өткенін көрсетеді.

