Мемлекеттік кеңесші Е. Қарин ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілімен кездесті

Мемлекеттік кеңесші Е. Қарин ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілімен кездесті

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілі Рашед Мұстафа Сарвармен кездесті. Ерлан Қарин өскелең ұрпақты қолдауға және оларды жан-жақты дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік шаралар туралы айтты. Сонымен бірге, балалардың құқығын қорғау Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың басым бағытының бірі екенін атап өтті. Мемлекеттік кеңесші бір жыл бұрын Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы заң күшіне енгеніне назар аударды. Соның нәтижесінде кәмелет жасқа толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны азайған. Ал мектептерге «111» мемлекеттік байланыс орталығының QR-коды орнатылғаннан кейін балалар арасындағы зорлық-зомбылық, буллинг, күрделі психикалық-эмоциялық жағдайларды анықтау көрсеткіші артты. Ерлан Қарин ЮНИСЕФ кеңсесімен өте тығыз әрі нәтижелі ықпалдастықтың қалыптасқанын айтты. Өз кезегінде Рашед Мұстафа Сарвар ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы кеңсесі атқарып жатқан жұмыс туралы айтып, келешек жұмыс жоспарын, ой-пікірлерін бөлісті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.