Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтайдың бір топ мүшесімен кездесті

Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтайдың бір топ мүшесімен кездесті

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың бірқатар мүшесімен кездесті. Жиында ішкі саясат мәселелері және Президент наурыз айында Бурабайда көтерген бастамалар талқыланды. Мемлекет басшысы сол бастамаларды жүзеге асыру туралы Жоспарға 1-ші сәуірде қол қойған еді. 53 тармақтан тұратын құжатты Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесе отырып әзірледі. Бұған қоса таяуда 100-ден астам бастамадан тұратын Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын қарау жоспары бекітілді. Ұсыныстарды талқылау барысында ішкі саясат саласына қатысты біртұтас кешенді құжат даярлау қажеттігіне баса мән берілді. Мемлекеттік кеңесші бұл құжаттың сарапшылардың, Ұлттық құрылтай мүшелерінің, қоғам белсенділері мен мемлекеттік органдардың қатысуымен бірнеше айдан бері әзірленіп жатқанын атап өтті. Ерлан Қарин жаңа құжаттың негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа арқау болатын қағидаттарды, идеологемаларды және құндылықтарды айқындау және жинақтау екеніне назар аударды. Құжат жобасы алдағы уақытта сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдерімен бірге тағы да талқыланады.