Қазақстан мен Финляндия университеттері бірлесіп педагогикалық оқытудың үздік моделін құрды

Елдің мұғалімдері студент рөлінде. Қазақстан мен Финляндияның жетекші университеттері бірлесіп педагогикалық оқытудың жетілдірілген моделін құрды. Нәтижесінде елдегі 40 астам жоғары оқу орынның 1800 оқытушысы біліктілігін арттырады. Алты ай бойы жалғасатын  заманауи оқу бағдарламасы онлайн және оффлайн форматта өттеді. Онда студентке бағдарланған оқыту және цифрлық педагогика бойынша озық тәжірибелер қамтылған. Сонымен қатар ауқымды жоба аясында 200 университет оқытушысы мен 50 шалғайдағы ауыл мектебінің директорлары көшбасшылық білім беру тренингін, тағы 100 ұстаз озық технологиялар бойынша пәндік-тілді кіріктірілген жаңа оқу курсын меңгереді. Айта кетейік, білікті отандық және шетелдік сарапшылар тартылған бірегей жоба Дүниежүзілік банктің қолдауын тапты.  

Дүйшөнкүл Шаматов, Назарбаев университетінің жоғары білім беру мектебінің профессоры:

– Бұл педагогикалық оқытудың озық үлгідегі инновациялық жобасы. Біз оны жақында ғана құрдық. Ол бізге 30 білім беру бағдарламасын бейімдеуге мүмкіндік береді. Біз осы бастаманың көмегімен елдегі жоғары оқу орындарының педагогтері ең үздік деген халықаралық стандарттарға сай білімдерін жетілдіре түсетініне сенімдіміз.

Ирмели Лигнелл, HAMK University өкілі:

- Финдік жоғары оқу орындары әлем бойынша педагогикалық университеттердің жұмысы қандай болу керектігінің жарқын үлгісіне айналды. Өйткені бізде оқытушының мәртебесіне үлкен көңіл бөлінеді. Бұл – көппен мойындалған факт. Сондықтан бізді әріптестік орнатуға шақырды. Мен Қазақстанның білім беру жүйесінде бірлескен бағдарламалардың көптігін және мұндағы оқытушылардың осы текті тұғырнамалар арқылы белсенді жұмыс жасайтынын байқағанымды ерекше атап өткім келеді.