Жыл соңына дейін мемлекеттік органдар жаңа жүйеге көшеді
Ұлттық даму жоспары аясында жыл соңына дейін мемлекеттік органдар жаңа жүйеге көшеді. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Орталық коммуникациялар қызметі брифингінде мәлімдеді. Еске салсақ, елдің 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары Мемлекет басшысының 9 наурыздағы Жарлығына сәйкес бекітілген болатын.
Қайрат Келімбетов, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы:
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік стратегиялық жоспарлау жүйесінің негізгі мәні – Тұңғыш Президент – Елбасы атап өткен міндеттерді, «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыру. Бұл – біздің басты мақсатқа жетудегі экономикалық бағдарламаларымыз, яғни 2050 жылға қарай Қазақстанның ең дамыған 30 елдің қатарына енуіне арналған стратегиямыз. Оны әзірлеу кезінде орта мерзімді стратегиялар қабылданады. Солардың бірі Ұлттық даму жоспары болмақ.
Агенттік басшысы мемлекеттік басқарудың басты қағидасы адамға бағытталғандығы екенін атап өтті. Ұлттық даму жоспары аясында ұлттық жобалар қабылданады. Үкіметтік деңгейде бекітілетіндер үш жылдық бюджетке енеді. Айта кетейік, Ұлттық жоспар үш негізгі бағыт бойынша 10 ұлттық басымдықтан тұрады. Бұл: азаматтардың әл-ауқаты, мекемелердің сапасы және мықты экономиканы құру.
Әсет Ирғалиев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары жаңа экономикалық шынайылықты ескере отырып құрылды. Бұл өмірдің барлық саласында қайтымсыз құрылымдық өзгерістерден туындаған. «Әділетті әлеуметтік саясат» жалпыұлттық басымдығы нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мен әлеуметтік жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған жүйелік шараларды жүзеге асыруды көздейді. «Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі» жалпыұлттық басымдығы адамдардың денсаулығын жақсартуға, сақтауға және қалпына келтіруге ықпал ететін тұрақты денсаулық сақтау жүйесінің тұжырымдамасын әзірлеуді көздейді.