Ұлытауда үздік шыққан ұстаздар құрметке бөленді
Ұлытауда ұстаздар ұлықталды. Төл мерекеге орай оларға құрмет көрсетіліп, бірқатары марапатқа ие болды. Ал үздік шыққан ұжымдарға қаржылай сертификат табыстылды.
Ұлт ұясы Ұлытауда 6 мыңға жуық мұғалім еңбек етеді. Биылғы оқу жылында 224 жас маман қабылданды. Десек те, тапшылық әлі де бар, білім беру ұйымдарында 329 маман жетіспейді. Өңірде білім нысандарын жаңартып, жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
– 25 білім беру нысанында 2 балабақша, 22 мектеп, 1 колледжге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Екі жылда балаларды тасымалдауға 20 автобус сатып алынды. Интернет желілерге жоғары жылдамдықпен қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін облысымыздың 43 мектебіне Starlink ғаламдық спутниктік жүйесі қосылды.
Салтанатты кеште озық шыққан ұстаздар «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі және Ұлытау облысы әкімінің «Құрмет» грамотасы табысталды.
Асан Жанұл, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері:
– Мектеп қабырғасында жүргенде ұстаздарым осы салаға келуіме себепші болды. Көзімді ашты. Бұл салаға келгеніме өкінбеймін. Нәтижесінде осы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін алып отырмын. Ұлытау облысының педагогтарына осы атқарып жаткан қызметтеріне табыс тілеймін. Шәкірттерінің алғысына бөленіп жүре берсін!
Бұдан бөлек әр саланың үздік мамандары да марапатталды. Олар 150 мың теңге мен 1 млн теңге аралығында ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Сандуғаш Сейтқазинова, «Үздік директор орынбасары» номинациясының иегері:
– Өте қуаныштымын. Бұл менің ғана емес, барлық ұжымның жетістігі. Осы сәтті пайдаланып, менімен бірге қоян қолтық жұмыс істеген әріптестеріме алғыс білдіремін. Жемісті, жеңісті күндеріміз көп болсын. Мереке құтты болсын!
Айта кетейік, Ұлытау жеке облыс болғалы өңірдегі білім саласында ілкімді істер атқарылып келеді. Мектептер модернизацияланып, материалдық-техникалық база жетілдірілуде.