Нағыз қазақ – домбыра
Шілденің алғашқы жексенбісі ұлттық аспабымыз ұлықталатын күн. Делебеңді қоздырып, санаңа сәуле түсіретін күй күмбірінің киесі бар.
Ғаламторда танымалдылығы артқан домбыраны сатып алушылар көбейген. Шымкенттік шебер осылай дейді. 15 жыл бойы қос ішекті құрастырумен айналысатын Мұталхан Байырбеков ең қымбат туындысын 1 миллион теңгеге бағалаған.
Мұталхан Байырбеков, шебер:
– Оны осы Шымкент қаласының мәдениет үйінде жұмыс істейтін өзіміздің танысымыз алды. Аты-жөнін айтпауымды сұраған. Бірақ керемет шертеді. Әліге дейін хабарласып, рахметін айтып отырады. Жалпы, 15 жылдың ішінде 20-30 мыңдай домбыра жасаған шығармыз.
«Домбыра намысқа жеке шауып жүрген қазақтың көзі, тірі пайғамбары» – Фариза ақын аспаптың анықтамасын дәл берген. Ал, Қадыр Мырза Әлі «Нағыз қазақ домбыра», - десе, Қасым Аманжолов «Домбыраны шешен, көкірегі күй толған шежіре», - деп толғайды. Ұлттық аспаптың жадымызда жаңғырып, жанымызда жүргеніне 6 мың жылдан асты.

