Наурызым ұлттық саябағында этноауыл бой көтерді

Қостанай облысында этнотуризм дамып келеді. Наурызым ұлттық саябағында тұтас этноауыл бой көтеріп үлгерді. Ол өзінің тұмса табиғатымен және бай табиғи экожүйесінің арқасында елдің ұлттық қазынасы саналады. Мұнда киіз үйлер мен алтыбақан орнатылды. Осылай инфрақұрылымды қалыптастыру арқылы туристер ағынын арттыру жоспарланып отыр.

Рахим Савуров, турист:

- Негізгі ойымыз осынау шексіз ормандарды көру болған. Біздің Алматыда мұндай ну орман кездеспейді. Әрине, қарағайлы таулар бар, бірақ ол да басқаша. Ал Наурызым қорығы бізді шынымен таңғалдырды.

Дулат Қойлыбаев, Наурызым мемлекеттік табиғи қорығының директоры:

- Қозғалыс бағыты сол қалпында, тек көлік түрлері өзгерді. Біз велосипедтер де сатып алдық. Аттан қорқатын адамдар немесе жаяу жүруге қиналатындар велосипедті таңдаса болады. Ол Боқай қайнарына баратын маршрутта бар.

Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы – Еуразияның ертеден келе жатқан қорықтарының бірі. Оның басты қазынасы мәңгі жасыл қарағайларымен ерекшеленеді.