Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,2 трлн теңгені құрады

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,2 трлн теңгені құрады

Қазақстанда өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,2 трлн теңгені құрады, яғни 2020 жылмен салыстырғанда 7,3% артық. Бұл туралы Үкімет басшысы өткізген Инвестициялық штаб отырысында белгілі болды. Өсім әсіресе экономиканың шикізаттық емес секторында байқалады. Мәселен, инвестициялардың нақты көлем индекстері өңдеу өнеркәсібінде 1,4, құрылыста 1,2, ауыл шаруашылығында 1,3 есе өсті. Республикалық негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша жылдық жоспар 94% орындалды. Көрсеткіш Шымкент қаласында, Ақтөбе және Қостанай облыстарында асыра орындалған. Ал межені бағындыра алмаған өңір әкімдері бұдан былай тікелей өздері жауап береді.

«Көш соңында қалған өңірлер белгіленген KPI қатаң сақтау қажеттігіне назар аударуы тиіс. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбегені үшін әкімдерге дербес жауапкершілік жүктеледі. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастырсын», – деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, Қазақстанға қаржы құйған Топ-10 инвестор мемлекеттің қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, ҚХР, Ресей, Ұлыбритания, Бельгия, Түркия, Оңтүстік Корея және Франция кірді. 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, шетелден тартылған инвестициялар көлемі 49% артып, 18,7 млрд долларға жетті.

Авторы: Әсел Көшенғалиева