Үкіметте халықтың табысын арттыру шаралары айтылды

Үкіметте халықтың табысын арттыру шаралары айтылды

Жаңа өнеркәсіптік кластерлер құру, шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау, инвестициялық жобаларды іске асыру және микрокредит беруді дамыту. Үкіметте халықтың табысын арттыру бағдарламасында көрсетілген бірқатар шара аталды. Жалпы бағдарлама 2025 жылға дейін есептелген. Оны жүзеге асыру бойынша жоспарды бірден бірнеше министр түсіндірді. Бұл ретте ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елдегі экономикалық жағдайға тоқталды. Ол қазақстандықтардың еңбек табысының үлесі соңғы 10 жылда 11% тармаққа төмендегенін айтты. Ал  әлеуметтік трансферттердің үлесі керісінше осынша процентке өскен. Жүргізілген талдаудың нәтижесінде басымдықтар айқындалды. Осылайша бағдарламаны іске асыру шеңберінде жұмысшы жастарды қолдауға, халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа орналастыруға үлкен көңіл бөлінетін болады. Сондай-ақ бюджеттік қызметкерлердің, оның ішінде дәрігерлердің, орта медициналық қызметкерлердің және педагогтардың жалақысын арттыру күтілуде. Бұдан басқа ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінде жұмыспен қамтуды дамытуға да назар аударылып отыр.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру 2025 жылға қарай 5 нысаналы индикаторға жоспарлы түрде қол жеткізуді қамтамасыз етеді. ЖІӨ-дегі еңбекақының үлесі – 34,5%, жалпы табыстағы еңбек қызметінен түскен табыстар үлесі – 76,2%, табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі – 5,2%, жұмыссыздық деңгейі – 4,7%. Бүкіл кезең ішінде барлығы 2 млн-нан астам адамға жұмыс орындарын құру қажет.

Авторы: Ақзер Сегізбай