Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіпті дамытудың жоспарлары туралы баяндады

Қазақстанда 2023 жылы агроөнеркәсіптік кешенде 207 инвестициялық жоба іске қосылды. Олардың жалпы құны – 164,5 млрд теңге. Оның ішінде сүт тауарлары фермалары, көкөніс және дәнді дақыл сақтау қоймалары, жылыжайлар мен басқаларды ерекше атап өтуге болады. Жалпы, 11 ай ішінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласына 855 млрд теңге қаражат тартылды. Бұл былтырмен салыстырғанда 11% көп. Барлық деңгейдегі бюджеттерден ауыл шаруашылығын субсидиялауға 500 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– 11 ай бойынша, жалпы, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 8,2 трлн теңгені құрады. Диқандар адал еңбегінің арқасында 16,6 млн тонна дәнді дақылдар, 2,1 млн тонна майлы дақылдар, 5 млн азықтық дақылдар жиналды. Бұл жиналған өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Мал шаруашылығы тұрақты өсім көрсетіп отырғанын айта кету керек. Өнім көлемі 3,3% өсіп, 3,8 трлн теңгені құрады. Мал мен құс саны 3,5% - 9,5% өсті. Өңдеу өнеркәсібінде де жағдай тұрақты. Осы кезеңде азық-түлік өндірісінің көлемі 1,9% өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады.

Агроөнеркәсіп кешені – Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі, әрі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Биыл саланы дамыту мен оған қолдау көрсету мақсатында 1 трлн 200 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Еске сала кетсек, мемлекет басшысы еліміздің стратегиялық мақсатын жариялап, оған сәйкес, Қазақстан – Еуразия құрлығының басты аграрлық орталықтарының қатарына кіруі керек деген міндет қойды. Бұл үшін тек алғашқы өнім өндіріп қоймай, оны өңдеп дайын заттар шығару қажет. Ендігі басты мақсат – 3 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенінде өңделген тауар көлемін 70% жеткізу.