Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес президентімен келіссөз жүргізді
Қазақстан мен Еуро Одақ арасында визалық режимді жеңілдету бойынша
келісімдер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми
сапармен келген Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен келіссөз жүргізу
барысында айтты. Еуропа Одағының Орталық Азиямен сауда-саттығының 80 пайызы
Қазақстанға тиесілі. Былтыр екіжақты тауар айналымы шамамен 50 миллиард
долларға жетті. Президент энергетика, көлік, цифрландыру және өнеркәсіп
салаларында қызмет ететін 4 мыңнан астам еуропалық компанияның экономикамызға
қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның еуропалық бизнеске тұрақты
әрі ашық инвестициялық климатты қамтамасыз етуге бейіл екенін растады.
Кездесуде гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша назар аударып, Еуропа Одағының
білім беру бағдарламаларына ризашылығын білдірді. Оның аясында 5 мыңнан астам
қазақстандық студент пен оқытушы Еуроодақ елдерінде білімін жетілдіріп,
тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды. Антониу Кошта Президент Қасым-Жомарт
Тоқаевтың Кавказ аймағындағы бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары
бағалады. Оның пікірінше, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету Кавказ және
Қара теңіз арқылы Еуропаға шығатын Транскаспий көлік дәлізін дамытуға тың
мүмкіндік береді.

