25 қазан - Республика күні

25 қазан - Республика күні

Тура 32 жыл бұрын еліміз тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамын жасады. Дәл осы күні 1990-шы жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Сол сәттен әлем картасында еңсесі биік, терезесі тең жаңа мемлекет пайда болды. Тарихи құжат жарқын болашақтың іргесін қалады. Жеке аумақ тұтастығын айқындап, елдің өз қазынасын, халықаралық қатынастардағы дербестік пен мемлекеттік рәміздерді бекітуге негіз болды. Шежірелі тарихты түгендеп, төл мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашты. Соңғы он үш жыл бойы ұмыт қалған Республика күні енді міне қайта оралды. Биыл Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ол күнтізбеге елдің басты ұлттық мерекесі ретінде қайта енгізілді.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы - Арман Тоқтышақовтың пікірінше, Республика күнін қайтару және оған жалпыұлттық мәртебе беру тарихи тұрғыда әділ шешім.

Арман Тоқтышақов, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Аталмыш декларация елдің конституциялық дамуының негізін қалады. Неге дейсіз ғой? Өйткені, мемлекеттік егемендік туралы осы декларация мен мемлекеттік тәуелсіздік туралы құжаттың негізінде кейін 1993-ші жылғы конституция және 1995-ші жылғы конституция қабылданды. Декларация біздің мемлекетіміз үшін үлкен саяси мәнге ие. Себебі, бұл еліміздің тәуелсіз даму жолын анықтайтын алғашқы қадам болды. Ол шынымен тарихи сәт десем артық айтпаспын. Осы құжат жайында біршама толығырақ айтатын болсақ, ол 17 тармақтан тұрады. Олардың әрқайсысында өзіндік мән-маңызы бар. Яғни, елдің дамуына жол сілтейтін негізгі бағыттар мен басымдықтар нақты көрініс табады.