Саясаттанушылар мен экономистер билік партиясының жаңаруын қолдайды

«Аманат» партиясы өз жұмысын түбегейлі өзгертіп, идеологиялық жүйені нақты тұжырымдап жариялауы керек. Саясаттанушы Елдос Жұмағұлов осындай пікірде.

Елдос Жұмағұлов, саясаттанушы:

- Партияның халық арасында шынайы беделі болуы үшін бәсекелестік керек. Осы уақытқа дейін бір партияның ғана монополиясы болып, қалғандары жай қатарда жүрді. Мұндай өзгерістерге қол жеткізу барысында идеологиялық негіздеменің болуы маңызды. Сайлаушы жаңа партияның мақсат-міндетін түсінуі қажет.

Билік халықпен диалог алаңын құру керек. Ол үшін Ертіс өңіріндегі ЖОО-ның мамандары «Talqylau» мобильді қосымшасын ашуды ұсынып отыр. «Бастаманы жүзеге асыруға жас кадрлар мен тиісті ресурстар жеткілікті», – дейді білім ошағының ғалымдары. Олар бұл бастама қоғам пікірі мен көзқарасын саралауға негіз болатынына сенімді.

Еркін Садықов, экономика ғылымдарының докторы:

- Біз жаңа инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін атсалысуға дайынбыз. Мәселен, «Talqylau» диалог алаңына жастарды тартып, қоғамдағы өзекті мәселелерді саралай аламыз. Сонымен қатар «Тазалайық» жобасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру жоспарымызда бар.