Нұр-Сұлтанда алғаш рет «Театр All» фестивалі шымылдығын түрді
Драмалық және музыкалық театр өнерінің жауһарлары, аңызға айналған опера және балет, сондай-ақ балаларға арналған танымал қойылымдар. Елорданың мәдени өмірінің тарихында алғаш рет «Театр All» фестивалі шымылдығын түрді. Ол қараша айының 3-іне дейін жалғасады.
Нұр-Сұлтан қаласының театр сахнасында 12 қазақстандық және 2 шетелдік театрдың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Олар көрермен назарына 20 қойылым ұсынады. Фестиваль аясында барлығы 30 іс-шара өтеді. Олардың қатарында заманауи көрмелер, ғылыми-практикалық конференциялар және мэтрлердің шеберлік сабақтары бар. Фестиваль 1 қараша күні Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында «Театр All» жүлдесінің табыс етілуімен салтанатты түрде аяқталады.
Шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылғанын айта кеткен жөн.
Лаша Чхартишвили, театр сыншысы /Грузия/:
- Нұр-Сұлтан – менің сүйікті қалаларымның бірі. Әрине, мен мұнда жиі бола бермеймін, алайда үнемі тек жақсы әсермен ораламын. Бұл қалаға қонақ болу мен үшін қызық. Елорданың театр өміріне келер болсақ, Нұр-Сұлтан бүгінде тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның мәдени орталығы саналады. «Театр All» биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр, келер жылы да өтеді деген ойдамын. Себебі бұл – өте маңызды әрі қажет бірегей жоба.
Авторы: Ақзер Сегізбай