Нұр-Сұлтанда жаңа экологиялық көлік пайда болды

Қазақстан астанасы «жасыл» қала мен экологиялық таза өмір салтын ұстану бойынша заманауи жалпыәлемдік трендті қолдайды. Оның ішінде экологиялық таза көлікті пайдалануда үлгі көрсетуде. Елордада эко-автобустар, полиция көліктері мен жалға берілетін велосипедтерден басқа электр самокаттарды жалға беру де іске қосылды. Олар қала экологиясын жақсартып қана қоймай, көлік кептелісінің азаюына да ықпал етеді. Электр самокатты пайдалану оңай. Бар болғаны тиісті қосымшаны жүктеп, тіркеуден өтіп, өзіңіздің төлем карточкаңызды байланыстырсаңыз жеткілікті. Содан кейін қос дөңгелекті көлікті алып, QR кодын сканерлеп, сапарды бастап кетесіз. Қазіргі таңда самокаттарға велосипедтерге секілді арнайы тұрақ дайындалмаған. Алайда жақын арада іске қосылады деп күтілуде.

Елордада бүгінде 200 электр самокат оң және сол жағалауларда жүр. Алдағы күндері олардың саны екі есе артады. Ал жыл соңына дейін мыңға дейін жеткізу жоспарланған. Бағасына келер болсақ, минутына 30-35 теңгеге дейін.

Айта кетейік, қазір әзірлеушілер тарифтік жоспарлардың нұсқаларын да ойластыруда.

Ғабиджан Истамбеков, «Astana Invest» бас менеджері:

- Бұл самокаттар экологиялық таза, балама көлік болып табылады. Операторлардың жүйені толық бақылап отыруға мүмкіндіктері бар. Олар көліктің қай жерде және қуаттандырылу деңгейі қандай екенін бақылай алады. Егер оны қуаттау керек болса, мобильді топ барып, сәйкесінше самокатты ауыстырады. Құралдарға GPS жүйесі орнатылған. Көлік ұрланған жағдайда ол бірден құлыпталып, жұмыс істемей қояды.

Электр самокаттарын басқару кезінде жол қозғалысы ережелері туралы да еске салсақ орынды. Елордалық полицейлер көлікті 16 жастан асқан азаматтар ғана пайдалана алатынын ескертеді. Олар қатаң түрде велосипед жолымен жүруі керек. Егер арнайы жол болмаса, жолдың оң жақ шетіне шығып қозғалу керек. Сондай-ақ рульді ұстамай жүруге, жолаушыларды немесе жүктерді тасымалдауға тыйым салынады. Азаматтар өз қауіпсіздігі үшін арнайы бас киім, тізе жастықшалары мен шынтақтарды қорғайтын арнайы құралды қолданған жөн.

Авторы: Ақзер Сегізбай