Самокаттан құлап, сүйегін сындырғандар көп

Самокаттан құлап, сүйегін сындырғандар көп

Жыл басынан бері электрлі самокаттарға қатысты 80-нен астам жол апаты тіркелген. Оның 2-уі қайғылы жағдаймен аяқталған. Кейбіреулер қос доңғалақ көлікті ермек үшін, енді біреулер еңбек үшін пайдаланады. Сұраныс жоғары болған сайын саны да көбейіп кетті. Сондықтан үкімет электросамокатты тізгіндеудің арнайы ережелерін енгізген. Бірақ оны елеп жатқандар жоқ. Ал, белсенділер болса, әуелі жол жүру мәдениетін қалыптастыру керек дейді.

Самокаттың сырын білмесеңіз денсаулығыңыздан айырылуыңыз мүмкін. Әуелі қауіпсіздік ережелерімен танысып алған жөн. Мына шағын құрылғы сағатына 60 шақырым жылдақпен жүреді. Абайламасаңыз ауыздықтай алмай қаласыз.

Нағмет Мұрсалы, травматолог, медицина ғылымдарының кандидаты:

– Ол енді өте ауыр жарақат. Мысалы мойыннан үзілсе аяқ-қол істемей қалады, белден төмен болса түгелдей буыны кетіп қалады. Сондай емге келуі қиын жағдайлар бұл.  

Қытай электрсамокат пайдалану бойынша әлемде көш бастап тұр. Халқының көбі көлігін тастап, осы құрылғыны пайдаланады. Көрші елде де алғашында оқыс оқиғалар кесірінен талай жан қыршын кетіпті. Бірақ, кейін қабылданған заң жол жүрісін реттеп, қайғылы оқиғаларды азайтқан. 

Жанг Юонгзе, Қытай травматология ассоциациясының төрағасы:

– Біздің елде де самокат алғаш нарыққа шыққан кезде жарақат алатындар көп болды. Әсіресе бізге, травматологтарға қиын болды. Кейін оның шекті жылдамдығы заңмен бекітілді. Бірақ, менің ойымша халықтың жол жүру, оның ішінде заманауи көлік құралдарын игеру машығы мен мәдениеті артқан сияқты. Қазақстанға да осы тәжірбиені пайдаланып көруді ұсынамын.  

Қытай травматологы ұсынған әдіс елімізде өткен жылдан бері жүзеге асып келеді. Екінші жаз қатарынан Алматы мен Астана қалаларында самокат мектебі жұмыс істейді. Мұнда тәжірибелі мамандар қос дөңгелекті енді игере бастаған жандарға нұсқау көрсетіп, ережемен таныстырады.