Пандемиядан зардап шеккен шағын және орта бизнеске жеңілдік жасалады
Биылғы 1 сәуір мен 1 шілде аралығында шағын және орта бизнес иелері барлық салық пен төлемнен босатылады. Елдегі іскерлік белсенділікті арттыру үшін осындай шешім қабылданды. Бұл жеңілдікке ұзын ырғасы 500 мыңдай кәсіпкер ие болады. Бизнес өкілдерін салықтан және өзгеде төлемнен босатқан кезде бюджетке 67 млрд теңге түспейді.
Тағы бір жеңілдік – шағын және орта бизнесте жүргендер банктен алған несиелерін кейін төлей алады. Сонымен қатар елде салықтық және кедендік берешекті мәжбүрлі түрде өндіру тоқтатылады. Мұның бәрі – елде бизнесті оңалту үшін жасалып отырған қадам.
Экономика қашан оңалуы мүмкін?
Дүниежүзілік банктің зерттеуінше, Шығыс Азия және Тынық мұхит аймағындағы елдердің экономикасы 2020 жылы 0,9% баяулаған. «Егемен Қазақстанның» мәліметінше, Қытай мен Вьетнам коронавирус инфекциясын қатаң бақылауда ұстап, темірдей тәртіп орнатудың нәтижесінде олардың ішкі жалпы өнімі 2 және 2,8% өскен. Өндірістерді тез арада қайта іске қосу және экономиканы мемлекеттік инвестиция арқылы ынталандыру ел экономикасын оңалтқан. Ал аталған аймақтың экономикалық өсімі биыл 7,4% жетпек. Вакциналаудың тиімді болуы да бизнеске оң әсерін тигізері анық. Ал Орталық Азия елдерінде биыл экономикалық өсімнің қалпына келу деңгейі 3% құрайды деген болжам бар. Бірінші кезекте «Бір белдеу – бір жол» аталатын ірі халықаралық бастаманың жүзеге асуымен Орталық Азияда шикізат бағасы мен тікелей шетелдік инвестициялар есебінде өсім болуы мүмкін.
Толығырақ: 24.kz