Павлодарда JASTAR SERPILISI форумы өтті

Павлодарда JASTAR SERPILISI форумы өтті

Павлодарда әр өңірдегі жастардың басын қосқан «Жастар Серпілісі» форумы өтті. Мұндағы мақсат – олардың өзара байланысын нығайту, қарым-қабілеттерін шыңдау. Қонақтар қаланың көрікті жерлері мен облыстың киелі аймақтарына саяхаттады. Түрлі тренингтерге қатысты. 

Форум халықаралық жастар күнін мерекелеу қарсаңында өтті. Еліміздің барлық өңіріндегі ресурстық орталықтардың қызметкерлері үшін үш күндік бағдарлама дайындалды. Іс-шаралар легі коммуникативтік дағдыларды, шешендік өнерді дамытуға, тың жобаларды іске асыруға бағытталған.

Біржан Әлімжанов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары:

– Жастар саясаты саласында жұмысқа орналасу, әлеуметтік ортада бейімделуге, тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік сипаттағы мәселелердің үлкен ауқымы бар. Кереку мұндай бастамаларды қолдап келген бірден бір өңір. Жастарға қызмет көрсету орталығының өзі республикадағы осындай форматтағы жұмысты ұйымдастырудың алғашқы бірегей тәжірибесін көрсетіп келеді.

Кездесудегі басты міндеттердің бірі – жастар саясаты саласында жаңа тәсілдерді әзірлеу. Бұл ретте Павлодар республиканың түкпір-түкпірінен келген белсенділер үшін тартымды ортаға айналды.

Айта кету керек, елімізде екі жүзден астам жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Олар тек қалаларда ғана емес, шалғай аудандарда орналасқан үш мыңнан астам жас маманды біріктіреді.