Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нағи Ілиясов ауылына барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нағи Ілиясов ауылына барды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысына сапары Сырдария ауданындағы ауылдың тыныс-тіршілігімен танысудан басталды. Президент орталық алаң мен спорт кешенін де аралап көрді. Олар жергілікті шаруашылықтың демеушілігімен салынды.  Соңғысы – ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші мекемелердің бірі. Спорт кешенінде жергілікті халық футбол, волейбол, үстел теннисі және күрес түрлерімен шұғылдана алады. Мемлекет басшысы спорт кешенінде жеткіншектермен әңгімелесіп, Қазақстанның болашағы – дені сау өскелең ұрпақтың денсаулығына байланысты екенін атап өтті. Президент әлемдегі күрделі геосаяси ахуал кезеңінде Қазақстанның өркендеуі еліміздің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған бірлігі мен қажырлы еңбек етуінде деді. Диқандар ауыл шаруашылығының дамуына айрықша мән беріп, мемлекеттік қолдау шараларын көбейткені үшін Президентке алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауылда жастардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалының құрылыс барысымен де танысты. Ол келесі жылы пайдалануға беріледі. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алады. Бұл рейстердің санын көбейтіп, бағыттардың ауқымын кеңейтеді. Жобаның құны 20 млрд теңге, қаражаттың басым бөлігі демеушілік қолдау.  Сондай-ақ, Мемлекет басшысына «Қызылорда-Жезқазған» автожолы құрылысының барысы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын 4 жолақты жолға ауыстырудың жобалық-сметалық құжаттамалары туралы мәлімет берілді. Кейін президентке жаңа жылу электр орталығының жобасы таныстырылды. Ол 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа жылу орталығы еліміздің энергия қауіпсіздігіне үлкен үлес қосуға мүмкіндік береді.