Президент қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Бүгін – Қазақстан егеменді ел атанған күн. Сол себепті бұл датаның
мән-маңызы айрықша. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды осы мерейлі мерекемен
құттықтады. Өз сөзінде Президент: «Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Біз бабалар
рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті сезіне
отырып, осы ұстанымға адал боламыз» деді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев
қазіргідей түрлі сынақтар мен тың мүмкіндіктерге толы жаңа тарихи дәуірде
болашаққа зор үмітпен қарап, берекелі бірлігімізді сақтау керегін де айтты.
Еліміздің жаһандық деңгейдегі беделі мен бәсекеге қабілетін арттырып,
Қазақстанды көркейген мемлекет ретінде дамыту үшін аянбай еңбек етуіміз керек
екенін де ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың нәтижесінде зор
табысқа жетеміз деп сенемін. Жан-жақты жаңғыруға бағытталған стратегиялық
бағдарымыздан ауытқымай, Әділетті, Күшті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз.
Баршаңызға мол бақыт, бақ-береке және толағай табыс тілеймін! Қастерлі
Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

