Президент Көлік министрі Марат Қарабаевқа сөгіс жариялады

Президент Көлік министрі Марат Қарабаевқа сөгіс жариялады

Көлік-логистика саласында белгіленген межелер орындалмай жатыр. Қордаланған проблемалар жаңғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі көп. Бүгін мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, осы саладағы ахуалды сынға алды. Тіпті министр Марат Қарабаевқа жұмысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады. Мемлекет басшысы шекарадан жүк өткізу қиын, көптеген бекеттердің жағдайы нашар деп бағалады. Сондай-ақ, ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың өз уақытынан кешігіп жатқанын айтты. Тез арада «Жасыл дәліз» жүйесін ұйымдастырып, еліміздің логистикалық әлеуетін оңтайлы пайдалануды тапсырды. Жүк тасымалын арттыру үшін нарықты авиаотынмен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету де өзекті болып отыр. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде еліміз арқылы өтетін тасымал көлемін ұлғайту аса маңызды. Әсіресе әлемдік жеткізу процесінен қалыс қалмау басты міндет. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.