Президент Көлік министріне саланы дамыту тәсілдерін қайта қарауды тапсырды
Мемлекет басшысы жуырда ғана тағайындалған Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевты да қабылдады. Кездесуде еліміздің көлік-транзит әлеуетін одан әрі арттыру шаралары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан арқылы жүк тасымалын ұлғайту үшін автомобиль жолдары мен авиахабтар желісін белсенді дамыту маңызды екенін айтты. Теміржол саласындағы ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыруға да баса мән берді. Осыған орай, министрді кедергі келтіретін факторларды сараптап, саланы дамыту тәсілдерін қайта қарауға міндеттеді. Мемлекет басшысы көлік дәліздерінің өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстанның Еуразиядағы негізгі сауда-логистика торабы ретіндегі рөлін нығайту үшін жан-жақты әрі тиімді шаралар қабылдауды тапсырды.

