Президент Ресей Премьер-Министрін қабылдады

Президент Ресей Премьер-Министрін қабылдады

Бүгін Мемлекет басшысы Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қарым-қатынастың нығайып келе жатқанын атап өтті. Қазір екі ел арасында тауар айналымын 30 млрд долларға жеткізу жоспары бар. Әңгімелесу барысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына дайындық мәселелеріне тоқталды. Ресей Үкіметінің төрағасы қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді. Михаил Мишустин Қазақстанға арнайы жұмыс сапарымен кеше келген. Бұған дейін екі елдің үкімет басшылары деңгейінде кездесу өтіп, экономикалық байланыс талқыланды. Енді ол Шымкент қаласында өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына және Цифрлық форумға қатысады.  


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қалай дамып келе жатқаны өзіңізге мәлім. Қазірдің өзінде құны 25 миллиард долларға жуық 122 ірі жоба іске асырылды. Сауда көлемі 30 миллиард долларға жақындады. Бұл жақсы нәтиже деуге болады. Ресей біздің негізгі сауда-экономикалық, инвестициялық серіктесіміз саналады. Бұған әрине, қуаныштымыз.

Михаил Мишустин, Ресей Премьер-министрі:

- Орайлы сәтті пайдаланып, Сізге Владимир Владимирович Путиннің ыстық ықыласын жеткізгім келеді. Бірер күн бұрын Президентпен екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін, сондай-ақ биыл мамыр айына жоспарланған сапарына әзірлік жұмыстарын егжей-тегжейлі талқыладық. Үкімет бұл сапардың да табысты өтуіне барынша күш салады. Сіздің былтыр қараша айында Ресей Федерациясына жасаған сапарыңыз барысында мемлекеттер басшылары қойған барлық міндетті екі ел үкіметтері іске асырып жатыр.