Президент резиденциясы балаларды сауықтыру орталығына айналады

Президент резиденциясы балаларды сауықтыру орталығына айналады

Шымкенттегі президент резиденциясы балаларды сауықтыру орталығына айналады. Қазір құжаттары реттеліп жатыр. Бұл туралы шаһар басшысы орталық коммуникациялар қызметінде мәлімдеді. Айтпақшы Шымкент елде экономикасы қарыштаған үздік үш қаланың қатарына кірді. Ғабит Сыздықбеков мұндай жетістік өңдеуші өнеркәсіптің өркендеуінен деп отыр. Толығырақ тілші тарқатады.


Шым қаланың қазынасы толып, экономикасы 14,8 пайызға өсті. Әкімнің әңгімесі дәл осы жетістіктен басталды. Бюджеттің салмағы ауырлаған соң сауданың да айналымы артып барады. Бір жылда 24 пайызға көбейген. Өнеркәсіптің өсу көрсеткіші 14,7 пайыз. Енді қала билігі алдағы бес жылда 6,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарлап отыр.


Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:


- Мегаполисте екі жаңа индустриялық аймақ құру және үш аумақты кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Осы жерлерде жалпы құны 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл 13 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.


Жұрт жайлы өмір сүрсін деп әкімдік әуелі энергетиканың желілерін түгелдей жаңалап шығыпты. Қазір қала 100 пайыз жарықпен, 99 пайыз ауыз сумен және 98 пайыз табиғи газбен қамтылған. Биылдың өзінде 12 мектеп мен 14 медициналық нысан бой көтерді. 982 мың шаршы метр үй салынып, 34 мың азаматқа жұмыс табылыпты.


Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:


- «Қиял әлемі» және «Кең Баба» саябақтары өз мақсатына сай пайдаланылмаған. Кейін олар жеке сауда аймақтарына айналып кеткен. Сондықтан бұл аумақтарды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылданды. Онда тұрғын үй кешендері салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жерде тек саябақ – қала тұрғындарының демалатын кеңістігі болады. Жұмыстарды биыл бастаймыз.

Бір-ақ рет берілетін өмірді Шымкентте сүргісі келетіндердің қатары да көбейіп барады. Шаһарға жыл сайын 100 мыңға жуық азамат көшіп келеді екен. Туу көрсеткіші әдеттегідей алдыңғы орындарда.