Президент Үкіметке отандық мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды

Отандық өнімнің экспортқа қауіпсіз әрі үздіксіз шығарылуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл туралы көлік-транзит әлеуетін дамыту жөнінде кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Жиын барысында қарым-қатынастар мен жүк жеткізетін балама бағыттарды, сондай-ақ тасымалдау ісін әртараптандыруды пысықтау қажеттігі айтылды. Осы мақсатта балама теміржол бағыттарын қалыптастыру, атап айтқанда Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтаарал – Дарбаза жобаларын жүзеге асыру, Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісін салу жөнінде сөз болды. Сондай-ақ Президент Үкіметке қазақстандық порттарды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктегенін айтты. Мұнай тасымалдау ісін әртараптандыру -  маңызды міндеттердің бірі.  

«Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет», – деді Президент.