Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу басталады
1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадрлық резервіне екінші іріктеу басталады. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мәлімдеді.
Жалпы бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу қазан мен желтоқсан айлары аралығында жүргізіледі. Оның алғашқы сатысына мың үміткер қатысады. Бұл кезеңде үміткерлер Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтында жеке кабинет ашып, тіркелуге тиіс. Бұдан кейін мәтіндік және сандық тапсырмаларды шешуі керек.
Келесі кезеңге өткен жастар ситуациялық тапсырманы орындай отыра, білім тереңдігін, сараптамалық ойлау қабілетін, тапқырлығы мен шешендігін паш етеді. Екі кезеңнен сүрінбей өткен 50 үміткер ғана Президенттік жастар кадры резервіне алынады. Биылғы іріктеудің ерекшелігі – үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейінің тексерілуінде.
Анар Жайылғанова, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Алдыңғы іріктеуден айырмашылығы, кандидаттардың шынайы мотивтері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған. Біз бірінші кезекте қоғамдық мүддені басшылыққа алатын жас таланттарды анықтауға баса назар аударамыз. Іріктеу кезеңінде ситуациялық міндеттерді шешу, мінез-құлықты анықтау сұхбаты сияқты бағалаудың жаңа құралдары енгізіледі.
Агенттік төрағасының айтуынша, Президент тағайындаған мемлекеттік қызметкерлер, саяси мемлекеттік қызметкер, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметкері және Президенттік жастар кадр резервіндегі адамдар іріктеуге қатысуға жіберілмейді.
Авторы: Әсел Күшенғалиева