Сарапшылар елдегі инфляция бәсеңдейтінін болжады

Қазақстандағы инфляция жыл соңына дейін 7% дейін бәсеңдейді. Еуразиялық даму банкінің сарапшылары осындай болжам жасап отыр. Айтуларынша, екінші тоқсанда ел экономикасы пандемияға дейінгі деңгейге шыққан. «Қарқынды өсім инфляцияға ықпал етуде», – дейді банктің елдік талдау орталығының жетекшісі Алексей Кузнецов.

Оның болжамына сәйкес, екінші жартыжылдықта Қазақстандағы инфляциялық үрдіс бәсеңдейді. Аталған кезеңдегі теңгенің долларға шаққандағы бағамы орта есеппен 423 теңге деңгейінде болмақ. Ал жыл қорытындысы бойынша экономикалық өсім 4% тең болуы мүмкін. Аталған болжамнан ауытқулар орын алуы ықтимал. «Бірінші кезекте, ол эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауымен байланысты. Ал сыртқы факторлардан, АҚШ-тың ақша-несиелік саясатының қатаңдатылуы сынды жағдайлар өз әсерін тигізуі мүмкін», – дейді банк өкілі.

Алексей Кузнецов, ЕАДБ елдік сараптама орталығының жетекшісі:

- Аталған қауіп-қатерлер орын алып жатса, дамушы экономикаларға теріс әсерін байқайтын боламыз. Сыртқа капитал ағымы орын алып, ұлттық валюта әлсірейді, ішкі пайыздық мөлшерлемелер өседі. Бұл жағдайда Ұлттық банктің мөлшерлемені көтеру туралы шешімі ішкі валюта нарығын теңгерімдеуге көмектеседі.