Сарапшылар өнеркәсіпте маман тапшылығын болжайды

Сарапшылар өнеркәсіпте маман тапшылығын болжайды

Қазақстан жақын арада өнеркәсіп саласында елеулі кадр тапшылығына тап болуы мүмкін. Үш жылдан соң сектор шамамен 200 мыңға дейін маманның жетіспеуін сезінуі ықтимал.  Сарапшылардың айтуынша кәсіпорындар бүгіннің өзінде  кем дегенде 18 мың бос орынды жабуы керек. Ал, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен  60% көп. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары бар гәп бәсекеге қабілетсіз жалақы, «қызметкерлердің қартаюы» және жастар үшін жұмысшы кәсіптерінің  тартымсыз болуында  деп санайды. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде қазір жұмыспен қамтылған жастардың үлесі бар болғаны 20% құрайды.

Александра Молчановская, ҚР ехәқм еңбек ресурстарын дамыту орталығының Басқарушы директоры:

– Неліктен тапшылық бар? Әрине, бұл ең алдымен жалақының төмендігімен байланысты. Мәселен, бүгінде электрондық еңбек биржасында өнеркәсіп саласында 6 мыңға жуық бос жұмыс орны бар.  Ондағы орташа жалақы 130 мың теңгеге жуықтайды. Әрине, еңбек ақысы миллион теңгеге дейін жететін инженерлер бар, бірақ механик, техник сынды сұранысқа ие,  яғни 2-3 жыл оқыған мамандардың ең төменгі айлығы шамамен 60 мың теңге бағаланады. Сондықтан бүгінгі  жалақы көтерілмей кәсіпорындар көп ұзамай кадрлық тапшылықты бастан кешіретіні сөзсіз.

Жұмыс жоқ емес, бар. Мамандар да жеткілікті. Алайда, сұраныс жұмыс берушінің ұсынысына сәйкес келмей, техникалық мамандар өзге кәсіпті меңгеруге мәжбүр.

Александра Молчановская, ҚР ехәқм еңбек ресурстарын дамыту орталығының Басқарушы директоры:

–  Жастардың 40%  жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ия, олар 2-3 жыл оқыды, араларында техникалық грант алғандары бар. Тек кейін бұл кәсіптің өте төмен бағаланатынын көреді. Сондықтан, жұмыс кестесі өзіне қолайлы, айлығы бірнеше есе жоғары қызмет көрсету саласына кетуге мәжбүр болады. Әрине әрбірі өзіне тиімдісін таңдайды ғой. 

Бұл орайда айта кетерлік жайт, өнеркәсіп саласындағы бос жұмыс орындарының үштен бірінен астамы еліміздің үш өңіріне тиесілі. Кадрларға деген ең жоғары қажеттілік Қостанай, Қарағанды, және Алматы облыстарында тіркелген. Сонымен қатар, соңғы уақытта қаржы және сақтандыру қызметі, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, көлік және қоймалау саласында маман тапшылығы байқалады.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов