Саумал негізінде жасалған қазақстандық метабиотик экспортқа шығады

Бие сүтінің негізінде жасалған Қазақстандық метабиотик экспортқа шығады. Назарбаев Университетінің ғалымдары әзірлеген бірегей өнімге Орталық Азия өңірі мен Жапония елдерінің фармацевтикалық компаниялары қызығушылық танытуда. Құрамында саумалдың емдік қасиетін сіңірген препарат Қарағанды өңірінде өндіріледі. Қазір өндіріс ошағы еліміздегі дәріханаларды толықтай қамтып отыр. 10 жыл бойы жүргізілген зерттеу нәтижесі Ғылым қорының қолдауымен жүзеге асты.     

Самат Қожахметов, НУ микробиома зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, жоба жетекшісі:

- 2017 жылы біз 300 млн теңге көлемінде грант ұтып алдық. Жобаның басты мақсаты тек коммерцияландыру ғана емес, препараттың биологиялық қауіпсіздігі мен тиімділігін анықтау.  Ол дәрілік зат емес,  биологиялық белсенді қоспа ретінде қолданылады.  Негізінен түрлі дисбиотикалық ауруларды емдеуге арналған  антибиотикалық терапиядан кейін ішу ұсынылады және үш жастан асқан балаларға беруге болады.

Адам денсаулығы ағзадағы ішек микрофлорасының күйіне және метаболизмге тікелей байланысты екені көпке аян. Ал, бұл ретте отандық метабиотиктің ауқымы кең дейді зертхана қызметкерлері. Ол ағзадағы зат алмасуды қалыпқа келтіреді, қартаю үрдісін баяулатып, жалпы адамның көңіл- күйін жақсартады. Сонымен қатар әйелдердің репродуктивті денсаулығына да оң әсерін тигізеді.  

Динара Жақыпова, метабиотика өндіруші компанияның коммерциялық серіктесі:

- Бұл біздің ғалымдардың қазақстандықтардың микробиотасын зерттеу негізінде әзірлеген отандық өнім. Ол құрғақ бие сүтінің негізінде жасалды.  Саумалдың құрамында адам ағзасына пайдалы дәрумендер мен микроэлементтер көп. Бұл біздің генетикамызға таныс болғандықтан  дәл осы қосынды ішектерімізге жақсы сіңеді. Яғни, метобиотиктің денсаулыққа тиімді болатын емдік қасиеті мол.

Айжан Рақымбай, интегративті акушер-гинеколог:

- Әйелдер қазір көбіне бедеулікке  шағымданады. Бала көтере алмау себептерінің бірі - метаболизмнің бұзылуы. Жүктілікке дайындалған кезде ең алдымен зат алмасу, тамақтану, ұйқы режимін реттеп, қалпына келтіру және спортпен көбірек шұғылдану керек. Сол кезде дүниеге дені сау сәби келеді. Бұл біздің болашағымыЗ. Сондықтан, бұған немқұрайлы қарамау керек.   

Назарбаев Университетінің микробиома зертханасында метагеномаға қатысты ауқымды зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ғалымдар бұл бағытта бірден бірнеше жобаны қолға алған. Мысалы, мұнда қазір тұлғаның микрофлорасы үлгілерінің биобанкі құрылуда. Оған адамның туғанынан бастап қартайғанға дейінгі деректері жиналады. Бүгінде ғылыми қызметкерлер бұл бағыттағы алғашқы зерттеу нәтижелерін халықаралық журналдарда жариялап үлгерді.