Саясат Нұрбек: қазір ғылым саласын танымал ету маңызды

Жаңадан құрылған министрліктің алдында тұрған басым бағыттардың бірі – ғылым саласын танымал ету. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалған Саясат Нұрбек айтты. Айта кетейік, бұған дейін елімізде Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, соңғы 4 жылда білім саласына жауапты болған Асхат Аймағанбетов жаңа Оқу-ағарту министрлігіне басшы болып қалды.

Саясат Нұрбек, ҚР ғылым және жоғары білім министрі:

– Қазіргі таңда ғылым саласын  жаңадан танымал, қызықты ету, оған жаңа мансаптық дем беру біз үшін аса маңызды. Мысалы, Marvel-дің фильмдерін қарасаңыз - Брюс Бэннер-Халк - ғалым, Тони Старк - ғалым. Яғни басты танымал кейіпкерлер ғалымдар. Біз өз кезегімізде ғалымдардың жаңашыл, әлемді және елімізді алға қарай дамытатын адам мәртебесін қайтаруымыз тиіс.