Сенат әскерилер туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Сенат әскерилер туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Сенат әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Жоғарғы палата депутаттары құжатқа әскерилердің құқықтарын реттеуге қатысты бірқатар түзету енгізуді құп көрді.

Еске салайық, заң жобасына сәйкес мүмкіндігі шектеулі баласы бар әскерилер қызметтік пәтерін ақысыз жекешелендіруге мүмкіндік алады. Қаза тапқан жағдайда отбасы мүшелері әлеуметтік тұрғыда барынша қорғалады. Ал бір азаматтың мемлекет тарапынан 2 рет үй алуына қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ әскерилердің жауапқа тартылуы, әскери мүлікті сақтау, шен алғандағы жас мөлшері мен жұмыстан шығу тәртібі бекітілмек. Аттестаттау кезінде полиграфологиялық зерттеу жүргізу көзделіп отыр.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Әскери және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жұмыстары аса жауапты екені белгілі. Сол себепті оларды және олардың отбасы мүшелерін құқықтық, материалдық және әлеуметтік қорғау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі.Сондай-ақ құжатта әскери және арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері де қамтылған. Заң жобасы қабылданғаннан кейін әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін және олардың отбасы мүшелерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі кешенді түрде реттеледі деп сенеміз.