Сенат ЕАЭО туралы шартқа енгізілген өзгерістерді мақұлдады

Сенат ЕАЭО туралы шартқа енгізілген өзгерістерді  мақұлдады

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің кәсіпкерлері фитосанитариялық сертификаттар мен мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді электронды түрде рәсімдейтін болады. Ел сенаты осыны көздейтін заңды мақұлдады. Қазір өзара саудада құжаттар қағаз түрінде ұсынылады. Бұл бірыңғай экономикалық аймақ шеңберінде жеткізілетін өнімдерді «алқаптан дүкен сөрелеріне дейін» цифрлық қадағалауға жол ашады. Сондай-ақ құжатта ұйымның бәсекелестік  ережелерін сақтамағандарға айыппұл қарастырылған.  Демпингке қарсы қайта тергеу тетігі енгізіледі. Яғни, отандық кәсіпкерлер үшінші елдердің жосықсыз сауда тәжірибесінен қорғалады. Жалпы хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 100 ден астам өзгеріс енгізуді көздейді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Бұл өзгерістер ұйым шеңберінде сауда, экономика және салық салаларындағы құқықтық қатынастарды жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ хаттамада еңбек көші-қоны, кедендік бақылау сияқты өзге де бірқатар мәселелер қамтылып отыр. Заң Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара тиімді ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға өз септігін тигізеді деп сенеміз.