Шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасы әлем құрамасымен бақ сынасады
Сәуірдің 17-мен 19 аралығында Қазақстанның әйелдер құрамасы әлем құрамасына қарсы ойнайды. Ала тақтайша үстіндегі зияткерлік тартыстар рапид және блиц түрлері бойынша өтеді. Сарапшылар атап өткендей, бұл отандық шахмат тарихында ғана емес, әлемдік шахмат тарихында да бұрын-соңды болмаған оқиға. Бұған дейін 1970, 1984 және 2002 жылдары КСРО мен Ресей құрамаларына қарсы әлемнің ерлер құрамалары бақ таластырған еді. Қатысушы командалардың құрамына халықаралық деңгейдегі fide және елдік рейтингтердің иегерлері кірді. Қазақстан құрамасын гроссмейстер Гүлмира Дәулетова бастады. Ал әлемдік шеберлерді гроссмейстер, Латвияның бұрынғы экономика және Қаржы министрі Дана Рейзниец-Озола бастап келді.